Тарихи туындыда егемен еліміздің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны жан-жақты баяндалады. Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Олар «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)» деп аталады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында бірлігіміз бен тұрақтылығымызды сақтасақ, жарқын болашақ туралы үмітіміздің абыроймен іске асатынын айтып еді. Бүгінгі біздің қоғамның бірлігі бекем, тұрақтылығы тұғырлы. Өзгелерге өнеге боларлықтай бірлік пен келісімнің қазақстандық бірегей моделі жасалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болды. Ассамблея туралы заң қабылданды. Президенттің өзі белгілеп берген сарабдал саясаттың негізгі қағидаттары жүзеге асырылды. Елбасы өз еңбегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруында аса маңызды орынға ие екендігіне тоқталады.
Менің пайымдауымша, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – қоғамдық келісім мен береке-бірліктің баға жетпес құндылығын паш еткен егемен елдің шынайы шежіресі. Елбасының жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл еңбек әрбір қазақстандықтың кітап сөресінен орын алуы тиіс деп ойлаймын.
Эльдар ТӨЛЕУБЕКОВ,
Өскемендегі «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» директоры